«Алаш және экономика» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

АЛАШ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА | ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ
Астанадағы «Asia Park» сауда-ойын-сауық орталығында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына арналған «Алаш және экономика» деректі-драмалық фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті. «Ақ жол» демократиялық партиясының қаржылық және консультациялық қолдауымен жарық көрген туындының авторы – белгілі журналист Серік Жолдасбай.
Кинозалға сыймаған көрермен
Тұсаукесер көрсетілімі қоғамда үлкен ажиотаж тудырды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, премьераға 250-ден астам көрермен жиналып, зал лық толған. Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, халықтың бір бөлігі фильмді дәліздер мен баспалдақтарда отырып тамашалауға мәжбүр болды. Көрермендер арасында киноға отбасымен келгендердің көп болуы қоғамның тарихи сананы жаңғыртуға деген ұмтылысын анық көрсетті.
Жобаның сәтті шығуына Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы мен оның директоры Асхат Маемиров, елордалық Өнер музейінің директоры Баянды Сахария үлкен қолдау көрсетті. Фильмнің бас редакторы қызметін журналист Дәурен Дәриябек атқарған. Дәуір тынысын ашатын кейіпкерлер бейнесін театрдың дарынды әртістері жоғары деңгейде сомдап шықты.
Ұлттық нарық пен заманауи экономикалық ойлау жүйесі
Бұған дейін қазақ қоғамы Алаш арыстарын негізінен саяси қайраткерлер немесе ағартушылар ретінде танып келді. Ал бұл туындының басты мақсаты – Алаш қозғалысы жетекшілерінің экономикалық даму, отандық өндіріс және нарықтық қатынастар тұрғысындағы озық көзқарастарын паш ету.
Фильмде Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы сынды ұлт зиялыларының ел экономикасын өркендету, ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру және өндірістік кооперацияны дамытуға қатысты идеялары кеңінен баяндалады. Ғалымдарның пайымдауынша, Алаш арыстары ұлттың шынайы азаттығын тек экономикалық тәуелсіздікпен ғана байланыстырды.
Филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай Алаш ардақтыларының жерді ең басты байлық деп есептегенін айта келе, Әлихан Бөкейханның мына бір қанатты сөзін алға тартты:
«Жер, жер және жер! Өйткені жерсіз Отан жоқ! Жерсіз адам жоқ! Жерсіз мемлекет болмайды! Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек! Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Бұл тұжырым Алашорда үкіметінің шикізатқа ғана иек артпай, дайын өнім шығаратын өңдеу өнеркәсібін құруды мақсат еткенін дәлелдейді. Ә. Бөкейханның бұл идеясы кезінде «Қазақ» газетінде жарық көрген «Игілікті іс» мақаласында да көрініс тауып, автор «Игілікті іс халық өзі қызмет қылса, өзі талаптанса ғана орнына барады» деп, бұқараны кәсіп қуып, еңбек етуге шақырды.
Кооперация және ұлттық буржуазия
Фильмде Алаш қайраткерлерінің жеке меншік институтын қолдау, отандық қаржы жүйесін дамыту, несиелеу мүмкіндіктерін кеңейту, салық саясаты, жергілікті бюджет және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты іргелі бағыттардағы нақты бағдарламалары талданады.
Міржақып Дулатұлы 1914 жылы жазған мақаласында: «Қазақ шаруасы кооперация (бірігіп іс жүргізу) арқылы көркейеді» десе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бұған «Шаруашылық өзгерісі» атты еңбегімен үн қосып: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген тарихи формуласын ұсынды.
Деректі туындыда азаматтық соғыс кезеңіндегі қиын-қыстау жағдайға қарамастан, Райымжан Мәрсекұлының шетелдік кәсіпкерлермен байланыс орнатып, елге инвестиция тартуға ұмтылған соны қадамдары сөз болады.
Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысына қаржылай демеуші болған ұлттық буржуазия өкілдерінің еңбегі де ұмыт қалмаған. Ақмола өңірінен шыққан атақты бай Баймұхамбет (Байкөп) және оның ұлы Құрманғали Қосшығұловтардың тарихы туралы журналист Ерлан Күзекбай кеңінен баяндайды.
Фильмдегі тарихи деректерді заманауи ғылыми тұрғыда саралауға алаштанушы ғалымдар мен сарапшылар: Сұлтан-Хан Аққұлы, Ержан Шағимолдин, экономист Мақсат Халық және тарихшы-зерттеуші Елдос Сауырқан қатысқан.
Ғасырлар сабақтастығы: Алаш идеясы және цифрлық болашақ
«Алаш және экономика» жобасының тағы бір ерекшелігі – өткен ғасырдың басындағы экономикалық пайымдар мен қазіргі Қазақстанның даму бағыты арасындағы сабақтастық идеясын көтеруі. Авторлар мен сарапшылар тобының пікірінше, Алаш арыстары армандаған «ғылым мен техникаға сүйенген мемлекет» концепциясы бүгінгі таңдағы цифрландыру, инновациялық технологиялар және жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен тікелей үндесіп жатыр.
Тұсаукесер барысында әлихантанушы ғалым Сұлтан-Хан Аққұлы биыл ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынғанын, соның ішінде Әлихан Бөкейханның 21 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығару жоспарланып отырғанын сүйіншіледі.
Бұған дейін «Алаш және дін» фильмін қалың көрерменге ұсынып, жоғары баға алған автор Серік Жолдасбай алдағы күндері «Алаш және экономика» деректі-драмалық фильмі де кең аудиторияға қолжетімді болу үшін YouTube платформасына жарияланатынын жеткізді.
