Астанадағы көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты

Елорданың Нұра ауданындағы 18 қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде от тұтанып, құтқарушылар оны толықтай сөндірді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
ТЖМ мәліметінше, оқиға Е-36 көшесінде орналасқан «Respublica» тұрғын үй кешенінде (SAT-NS құрылыс аумағы) болған. Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 6-қабаттан қою түтіннің шығып жатқанын анықтады.
Анықталғандай, пәтерлердің бірінің балконы мен ас үй аймағы отқа оранған. Өрт сөндірушілер дереу әрекет етіп, арнайы құралдарды іске қосты және үздіксіз су беру жүйесін қамтамасыз етіп, жалынды өшірді. Сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді.
Айта кетейік, аталған аудандағы үйлердің тығыз орналасуы мен көліктердің аулаларды жауып тұруы ірі габаритті арнайы техниканың өтуін қиындатқанына қарамастан, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар жағдайды жедел бақылауға алып, тілсіз жауды ауыздықтады.
