Денсаулыққа жаңа талап: Қазақстанда скринингтің жаңа түрі енгізілді

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі скринингтік тексеруден өту ережелері мен нысаналы топтар тізіміне өзгерістер енгізді. Енді 18 жастан асқан азаматтар үш жылда бір рет В және С вирустық гепатитін анықтау үшін тексерістен өтетін болды. Сонымен қатар, 50-70 жас аралығындағы темекі шегетін немесе зиянды еңбек жағдайында істейтін тұрғындарға өкпе ісігін ерте анықтау бойынша жаңа скрининг түрі қосылды. Бұл тексерулер амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, оның ішінде жылжымалы медициналық кешендер арқылы жүзеге асырылады. Ережеге сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлердің скринингтен кедергісіз өтуіне жағдай жасап, олардың жұмыс орны мен жалақысын сақтап қалуға міндетті. Егер нәтижелерде ауытқулар болса, пациенттер диагностиканың екінші кезеңіне жолдама алады.
