800 мыңға бағаланған сәби: Павлодарда жана туған қызын сатпақ болған ананың әрекеті әшкере болды

Павлодарда қаржылық қиындықтарға тап болған 24 жастағы Түркістан облысының тұрғыны өз сәбиін сатпақ болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол жүкті кезінде әлеуметтік желі арқылы хабарландыру жариялап, дүниеге келер қыз баласын 800 мың теңгеге бағалаған. Алайда бұл заңсыз әрекет туралы ақпарат құқық қорғау органдарының назарына ілініп, арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Наурыз айының соңында облыстық перинаталдық орталықта босанған ана сәбиді медициналық құжаттарымен бірге сатып алушы кейпіндегі полиция өкіліне табыстады. Алдын ала дайындалған 100 мың теңгені алған сәтте ол дер кезінде құрықталып, тергеу изоляторына қамалды. Сот үкімімен ол кәмелетке толмағандарды саудалау қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, сот жазаның орындалуын бес жылға кейінге шегеру туралы шешім қабылдады.
