Төрт жыл оқу міндетті емес: Қазақстан университеттерінде бакалавриат мерзімі қысқарады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ел университтерінде оқу мерзімінің қысқаратынын және жоғары білім беру жүйесіне жаңа икемді форматтар енетінін мәлім етті. Бұл өзгеріс студенттерге оқу бағдарламасын тезірек меңгеріп, мамандық бойынша ертерек жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының 92 пайызына дейін өз бетінше өзгерте алады, соның ішінде оқу ұзақтығын да қысқартуға құқылы. Мысалы, бұл тәжірибе Нархоз университетінде қолданысқа енгізіліп, жекелеген мамандықтар бойынша бакалавриат мерзімі 2,5–3 жылға дейін қысқартылған.
Ведомство басшысы бұл бағыт алдағы уақытта да кеңейетінін атап өтті. Болашақта колледж мен жоғары білімді біріктіретін қысқартылған қолданбалы бакалавриат форматы да толықтай енгізілмек.
